Шетелдік технологиялар – отандық салада

Еліміздегі мектепке дейінгі білім беру саласының педагогтары Елордада бас қосты. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» семинарға қатысқан 100-ден астам маманға өз тәжірибесіне енгізген шетелдік технологиялар мен әдіс тәсілдерді таныстырды.



Жиында сөз алған Білім және ғылым министрлігіндегі Мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті директорының орынбасары Сәуле Нұраханқызы апробация объектісіне айналған балабақшадағы нәтжелі еңбек – бірлескен жұмыстың жемісі екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл – бәрінің басы ғана, министрлік пен мектепке дейінгі ұйым арасындағы ұжымдық жұмыс жалғаса береді. Өйткені отандық мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру – ортақ мақсат.

«Қарлығаш» балабақшасының директоры Гүлнар Ысқақ  осы семинар 10 жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан мектепке дейінгі ұйымның тәжірибесін бөлісу мақсатында ұйымдастырылғанын айтады. «Ал әр облыстың мамандарын балабақшамызға оқыту технологияларымызды таныстыру үшін ғана емес, іс жүзінде қалай қолданатынын көрсету үшін жинадық. Біз, біздің педагогтар көптеген шетелдерде біліктілігін арттырып келген. Халықаралық тәжірибеден түйген ойларын, үйренген түрлі технологияларын өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге қарай ыңғайлап, енгіздік», дейді Г.Ысқақ. Оның айтуынша, балабақша мамандары Италия, Финляндия, Ресей, Сингапур, Эстония елдерінің оқыту тәжірибелерін зерделеп, өз бағдарламасына қосқан.

Семинар барысында қатысушылар арнайы әзірленген 5 топқа бөліну арқылы әр тәжірибе алаңында болып, әдіс-тәсілдермен танысып шықты. Алматы қаласындағы №51 бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Фарида Омарбек семинардың өзіне жаңалық болған тұстары көп екенін тілге тиек етті. «Осы семинардан кейін қазіргі қолланыста жүрген оқыту технологияларының болашақ ұрпаққа ескі екенін түсіндім. Түрлі технологияларды тәтпіштеп түсіндірді. Соның ішінде Сингапурдың тәжірибесін өз балабақшама енгізуді қолға аламын», дейді Ф.Омарбек. Қатысушының айтуынша, заман алға жылжып, дамыған сайын бәсекеге қабілетті балаларды дайындау керек. Бұл мақсатқа жету үшін педагог инновациялық әдістерді әрдайым жаңғыртып отырған абзал.

Ақпарат көзі: Егемен Қазақстан